Бұл жұмыста тұрақты динамикалық пішіні және массасы өзгермелі үш осьті бейстационар дененің Ньютондық центрлік гравитациялық өрісіндегі ілгерілмелі-айналмалы қозғалысы зерттелді. Координаттар басы сфералық дене центрінде жататын салыстырмалы координата жүйесіндегі үш осьті бейстационар дененің ілгерілмелі-айналмалы қозғалысы қарастырылған. Бірінші дене сфералық-симметриялы массасы бар шар болып табылады, оның таралу массасы және радиусы мен негізгі центрлік инерция моменттері уақытқа тәуелді функциялар болып табылады. Екінші дене - динамикалық құрылымы өзара перпендикуляр және массалар центрі арқылы өтетін үш жазықтыққа симметриялы, өзгермелі массалы дене. Екінші дененің бас инерция моменттері және үш ось бойындағы сығылу коэффициенттері әртүрлі, уақытқа тәуелді функциялар болып табылады. Екінші дененің динамикалық формасы үш осьті. Оның бас инерция моменттері әртүрлі жылдамдықпен өзгереді және де сығылу коэффициенттері де әртүрлі мәнге ие. Екінші денемен қатаң байланысқан өзіндік координата осьтері өзара перпендикуляр үш симметрия жазықтығының қиылысуынан туындайтын осьпен бағытталады. Екінші дене массасы және өлшемдері өзгеруіне байланысты туындайтын реактивті күштер нөлге тең емес, оның модулі мен бағыты өзгермелі. Екінші денеге реактивті күштер мен массалар геометриясының өзгеруінен туындайтын қосымша айналмалы моменттер әсер етеді. Бейстационар үш осьті дене эволюция барысында өзара перпендикуляр үш жазықтыққа байланысты әрқашанда симметриялы болады. Осы өзара перпендикуляр үш жазықтық қиылысу түзулері оның бас инерция осьтерін анықтайды. Өзіндік координаттар жүйесінің осьтері дененің бас инерция осьтері бойымен бағытталған және эволюция барысында бағдары өзгеріссіз қалады деп қабылдаймыз. Үш осьті бейстационар дененің массасы мен өлшемі өзгеру салдарынан туындайтын реактивті күштер мен моменттер денеге әсер етеді, және олар нөлге тең емес. Салыстырмалы координата жүйесінде үш осьті бейстационар дененің ілгерілмелі-айналмалы қозғалысының дифференциалдық теңдеулері алынды.