Түркі-моңғол тіл бірлестігіне қатысты лингвистикалық зерттеулер, түркі тілдері мен моңғол тілдері арасындағы генетикалық туыстықты айқындау, олардың бір-біріне ықпалы мен қарым-қатынасын зерделеу алтайтану бағытында өте маңызды мәселе болып саналады. Зерттеу мақалада «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін нөкер, олжа, мерген сөздерінің семантикалық ерекшеліктері қарастырылады. Аталған сөздердің мағыналық ерекшеліктері (ауыспалы және тура мағыналары), түркі және моңғол тілдеріне ортақ тіл бірліктерінің дыбыстық, морфологиялық, лексика-семантикалық сипаты зерделенеді. Түркі және моңғол тілдерінің тарихи тұрғыда сабақтасуы, өзара қарым-қатынасы, аталмыш тілдерге ортақ түбірлер жайлы ғылыми пікірлер, тұжырымдар көрсетіледі. Сол секілді талданып отырған мерген, олжа, нөкер сөздерінің түркі, моңғол тілдеріндегі нақыл сөздер, мақал-мәтелдер құрамындағы қолданысы, лексика-семантикалық ортақтықтары мен айырмашылықтары жайлы сөз болады. Талданып отырған сөздерге қатысты алтайтанушы, түркітанушы ғалымдардың ғылыми-теориялық тұжырымдары салыстырылып, ғалымдардың гипотезалық пікірлері беріледі. «Шежіре-и теракиме» шағатай тілінде жазылған орта ғасырлық шығарма. Оның лексикалық қабаты түркі, моңғол, араб, парсы элементтерін қамтиды. Тарихи тіл білімі саласында моңғол сөздері мен түркі сөздерінің өзара қарым-қатынасы, тарихи даму сатысы жайлы көзқарастар гипотезалық деңгейде зерттеліп келеді. Кілт сөздер: лексикалық қабат, семантика, этимология, алтай тілдері, түркі тілдері, моңғолизмдер.