Дәнді дақылдардың аса қауіпті ауру қоздырғыштарының, климаттың жаһандық өзгеру жағдайында, дамып-таралу ареалының өзгеріп отыруы және оның салдарынан індет зияндылығының артуы өте қауіпті. Мұндай жағдайда, оңтүстік шығыс Қазақстан аумағында, күздік бидай егістігіндегі аурулардың басым түрлері – сары тат (P. striiformis f. sp. tritici) және қоңыр тат (P. triticina f. sp. tritici) фитопатогендерін бақылау маңызды. Фитопатогендердің дамуына қолайлы жылдарда масақ өнімділігі мен астық сапасының күрт төмендеуі байқалады. Ауру қоздырғыштарының жаңа агрессивті түрлері, жоғары әлеуетті, құнды дәнді дақыл сорттарының көпшілігін, патогенге төзімсіз етеді. Күздік бидай сортүлгілерінің селекциядағы иммунологиялық құндылығын анықтау үшін, 2021-2023 жылдары Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік базасында, иммунологиялық зерттеулер жүргізілді. Тат қоздырғыштарының жасанды індеті аясында, күздік бидайдың жергілікті және шетелдік 200 сортүлгіден тұратын жинағы мақсатты түрде иммунологиялық бағалаудан өтті. Жасанды індет аясы сары тат (P. striiformis f. sp. tritici) және қоңыр тат (P. triticina f. sp. tritici) уредоспораларының популяциясын пайдалану арқылы жүргізілді. Қазақстанның оңтүстік-шығыс жағдайында, күздік бидайдың тат популяциясына төзімділігіне талдау жасалынды. Құнды сортүлгілердің тат қоздырғыштарына төзімділік реакциясы сипатталды. Бағалаудан іріктеліп алынған, ауруға төзімді сортүлгілер селекция үшін ең үлкен иммунологиялық құндылыққа ие. Ғылыми зерттеу жұмысының өзектілігі – аса қауіпті ауру қоздырғыштарының патогендік құрылымында вируленттіліктің өзгеруіне байланысты, төзімділіктің жаңа көздерін анықтау. Жоғары иммунологиялық әлеуеті бар, құнды генотиптерді іріктеп алып, селекцияда жаңа бастапқы материал ретінде қолдану, егістіктегі фитопатогендереден келетін эпифитотияның алдын алуға бағытталады.