Босанғаннан кейінгі қан кету – бүкіл әлемде ана аурушаңдығы мен ана өлім - жітімінің басты себебі болып қала береді. Босанудан кейінгі қан кетуді өз уақытында анықтау және оның себебі мен қауіп-қатер топтарын анықтап зерттеу қазіргі таңға дейін акушерлік қызметте күрделі мәселе болып қала береді. Мақаланың өзектілігі ана өлімнің негізгі себептерінің бірі акушерлік қан кетуге негізделеді, оның ішінде 2/3 жағдай босанғаннан кейінгі ерте кезеңдегі қан кету болып табылады. Зерттеу мақсаты: қалалық перзентханада акушерлік қан кетулерге талдау жүргізу және ықтимал қауіп факторларын, босанғаннан кейінгі қан кетулердің себептерін анықтау, сондай-ақ амбулаториялық және стационарлық деңгейде алдын алу шараларын қарастыру. Материалдар мен әдістер: 106 босану тарихына ретроспективті және проспективті талдау жасалды, оған Алматы қаласы №5 қалалық перзентханада 2022 жылы босанғаннан кейін қан кеткен әйелдер алынды. Зерттелушілер 2 топқа бөлінді: негізгі топ – босанғаннан кейінгі ерте қан кетумен асқынған босанушылар (n=76) және салыстырмалы топ – физиологиялық қалыпты босанған әйелдер (n=30). Негізгі топтағы (n=76) босанғаннан кейін алғашқы ≤ 24 сағат ішінде қан кеткендер. Босанудан кейінгі ерте қан кеткен әйелдер тобына материалды өңдеу арқылы талдау жүргізіп белгілі бір қауіп факторларының маңыздылығының ерекшеліктері анықталды. Ақпаратты іздеу: Интернет желісінде, PubMed дерекқорында, Қазақстан, Ресей Федерациясы және шетел әдебиетінің деректері кілт сөздер бойынша жүргізілді. Нәтижелер мен талқылау: Босанудан кейінгі қан кету жиі қайта босанушылар арасында кездесті –жиілігі 72,3,% құрды. Негізгі топта соматикалық ауралардан жиі кездескені темір тапшылық анемия (64,4% қарсы 3%). Босанғаннан кейінгі қан жоғалтқан әйелдердің жүктілік ағымында физиологиялық қалыпты босанған әйелдермен салыстырғанда жүктілік ағымының асқыну жиілігі жоғары болды. Негізгі топ босанушыларың арасында 44,7% жағдайда асқынған акушерлік-гинекологиялық анамнез орын алды: преэклампсия 7,8%- оның ішінде 66,6% преэклампсияның ауыр дәрежесін құрады. Қалыпты орналасқан плацентаның мерзімінен бұрын бөлінуі 3,9% жағдайда, гестациялық артериалды гипертензия және гестациялық қант диабеті 5,2% жағдайда кездесті. Кесар тілігі абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштер бойынша 14,4% жасалынды: ол қалыпты орналасқан плацентаның мезгілінен бұрын ажырауы, босануды ынталандырудың нәтижесіздігі, ұрықтың қауіпті жағдайы, клиникалық тар жамбас, кесар тілігінен кейін жатырдағы тыртық, ірі ұрықта орын алды. Салыстырмалы топта (30) мұндай асқынулар болған жоқ. Қорытынды: Сонымен, 2022 жылы перзенханада барлық босанушылардан (7731)- 76 әйелде акушерлік қан кету орын алды ол 0,9 % жағдайды құрады. Босанғаннан кейінгі ерте кезеңде қан кету 86,8%(66) жағдайда, кесар тілігінен кейінгі қан кету 10 (13,1%) жағдайда кездесті. Зерттелген топта босанғаннан кейінгі қан кетуді тудыратын мынандай факторлар анықталды: антенаталдық факторлар - олар асқынған акушерлік-гинекологиялық анамнез- 44,7%, жүктіліктің асқынған ағымы және интранаталдық факторлар оларға патологиялық босанулар, босану жолдарының жарақаттары, жатыр атониясы, босанудан кейінгі қан кетулер. Осы жоғарда аталып өткен қауып қатер факторлары, шамадан тыс қан кетудің негізгі себебі жатыр атониясына алып келді. Қан кетумен күрес, әрекет алгоритмі «Босанғаннан кейінгі қан кету», 2016 Қазақстан Республикасының клиникалық хаттамасына сай жүргізілді. Сондай-ақ, босанғаннан кейінгі қан кетуді болжау мен дер кезінде диагностикалауда медицина қызметкерлерінің дайындық деңгейі мен ұжымда жұмыс істей білуі маңызды рөл атқарады.