Мақалада қазақ тілін үйретуде қатысымдық жаттығуларды қолданудың нақты тәжірибесі сипатталып, қол жеткізген нәтижелерге талдау жасалды. Мақаланың мақсаты мен міндеттеріне орай зерттеу тақырыбына қатысты авторлардың көзқарастары мен пікірлеріне шолу жасалды. Сонымен қоса теорияға негізделген ғылыми еңбектер зерделенді. Бұл тақырып қазіргі өзекті мәселенің бірі – қатысымдық бағдарлы оқытумен тығыз байланыста қаралды. Қатысымдық жаттығулар тілді шынайы өмірде қолдануға бейімдейді. Яғни, тіл үйренушінің тілдік тәжірибесін қалыптастыруда маңызды болып табылатын тілді қолдану дағдысын қалыптастыруға және оны дамытуға негіз болады. Осыларды анықтау мақсатында мақалада сауалнама, бақылау, тестілеу әдістері қолданылды. Сауалнама әдісі арқылы білім алушылардың ынтасы, қазақ тілін қолданудағы сенімділік деңгейі және қатысымдық жаттығуларды қабылдауы бағаланды. Бақылау әдісі арқылы білім алушылардың оқу үдерісіне қатысуы және қатысымдық жаттығуларды орындау барысы зерделенді. Тестілеу әдісі арқылы білім алушылардың қазақ тілінде жазу және сөйлеудегі қатысымдық құзыреттілік деңгейі анықталды. Оқу материалдары ретінде білім алушылардың қазақ тіліндегі қатысымдық дағдыларын дамытуға бағытталған арнайы мәтіндер, аудио және бейнематериалдар, жаттығулар мен тапсырмалар алынды. Нәтижесінде білім алушылардың қазақ тілінде қатысымдық дағдыларын дамыту, қатысымдық жаттығуларды қабылдауды бағалау, қатысымдық жаттығуларды қолданудың тиімділігі расталды. Қатысымдық жаттығуларды қолдану білім алушылардың қатысымдық дағдыларын дамытуға, тіл үйренуге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін зерттеу жұмысының нәтижесі көрсетті. Кілт сөздер: қатысымдық жаттығулар, қатысымдық бағдарлы оқыту, қатысымдық құзыреттілік, қатысымдық дағдылар, қатысымдық жағдаят.