Бұл мақалада Edpuzzle платформасының студенттердің оқу үдерісіне, платформадағы бейне зертханалық сабақтардың тәжірибелік дағдыларының артуына әсері, сонымен қатар, платформаны қолдану әдістемесі көрсетіледі. Платформадағы бейне зертханалық сабақтар – студенттердің шынайы тәжірибелік жұмыстарды жасау сапасын арттыруға септігін тигізеді. Бейне сабақты көру арқылы студент зертханалық жұмысты елестетеді, жоспарлайды, модельдейді. Мақалада зертханалық жұмыстардың сапасын ұлғайту мақсаттында заман талабына сай ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың тиімділігі, мүмкіндіктері, артықшылықтары мен кемшіліктері қарастырылған.«Медика-биологиялық мақсаттағы полимерлер химиясы» пәні бойынша зертханалық жұмыстарды жасауда Edpuzzle платформасының тиімділігін айқындау қарастырылып, зерттеу нәтижелері талданатын болады. Зерттеу жұмысына Химия жəне химиялық технология факультетінің фармацевтика өндіріс технологиясы мамандығының 3 курс студенттері қатысты. Алдын ала нақты зертханалық сабаққа кірер кезде «Метилметакрилаттың (ММА) массадағы азоизомайқышқылының динитрилі (ДАК) қатысындағы радикалды полимерленудің кинетикасын дилатометрлік әдіспен зерттеу» тақырыбында дәстүрлі зертханалық сабақпен салыстырмалы түрде бейне зертханалық сабақ әзірленіп, “Медика-биологиялық мақсаттағы полимерлер химиясы” сабағында ұсынылды. Білім алушылардың зертханалық сабақтарды өтуде білім сапасына талдау жасалынды. Платформадағы бейне зертханалық сабақтарды көру барысында студенттердің оқу үлгерімінің жоғарылағаны айқындалды. Зерттеу нәтижесінде, Edpuzzle платформасын алдын-ала жаттығу құралы ретінде, сонымен қатар, студенттің жағдайына байланысты, мысалы: қашықтықтан оқыту кезінде, инклюзивті бағытта білім алатын студенттерге, құрал-жабдықтар жетіспеушілігі кезінде, денсаулық жағдайына байланысты студент сабаққа келе алмаған жағдайларда дәстүрлі зертханалық сабақтарды алмастыра алатын балама оқу құралы ретінде қолданудың тиімділігі айқындалды. Кілтті сөздер: платформа, бейне зертханалық сабақтар; edpuzzle, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; тәжірибелік жұмыс.